среда, 25 сентября 2013 г.

Сахнада «Даланың күйші Динасы»

ҚР халық  жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың  иегері  Фариза  Оңғарсынова  Дина Нұрпейісованың рухына арналған «Даланың күйші  Динасы» атты драманы  жазған болатын. Бұл дауылпаз күйшінің  151 жылдығына орай жасалған толағай тарту. Халық композиторының өнері мен өміріне арналған төл туынды болатын.
 «Даланың күйші Динасы» қойылымы атақты күйшінің өнегелі ғұмырынан сыр шертеді. Оқиға өнердің бабын таба білген күй атасы Құрманғазы мен балғын Дина арасындағы таныстықтан басталады. Қаршадай қыз ұлы сазгерден қасиетті қара домбыраның қыр-сырын үйреніп, атақты күйшінің жолын қуып, өнер әлеміне қадам басады. Бар қиындықтарды артқа тастап, қос ішекті қағып жіберіп, күйді күмбірлете жөнелген жас Динаның көңіл-күйі, бітім-болмысы мен тыныс-тіршілігі бейнеленеді. Ұлы күйшінің ізін жалғастыра отырып, ол күй құдіретінің қолдауының арқасында өз өмірін өнерге арнап, өнегесімен елге кеңінен танылады. Бойына үлкен қасиет дарыған қазақтың аяулы қызының бойындағы қайсарлық пен жігерлік тамаша қойылымның сахнадан көрінуіне түрткі болды. Оқиғада өнер атты кеменің басын оңайлықпен ұстамаған жанның бар болмысы, күйзелісі, арпалысы, тылсым дүниесі, беймаза өмірі суреттеледі. Кең таралған ұлттық музыкалық аспап қазақтың қара домбырасының төл өнеріміздегі алатын үлкен орны көрсетіледі.Сарыарқа төріндегі елордамыз Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында құдіретті күйдің анасы атанған Дина Нұрпейісованың рухына арналған «Даланың күйші Динасы» атты драманың премьерасы өтті.
Нұрлан Жұманиязов
Қойылымды сахнаға белгілі режиссер Нұрлан Жұманиязов алып шықты.

Қойылымдағы басты рөл - Құрманғазы бейнесін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр әртісі Мейрам Қайсанов сомдады. Ал жасөспірім Динаның рөлін сахнада жас актриса Айнұр Жетпісбаева ойнады. Өз кезегінде ол көзі қарақты көрермен қауымға атақты күйшінің бар болмысын шынайы жеткізе білді. Байғали қарт рөлін актер Жәнібек Мұсаев сомдаса, Динаның анасының бейнесін Қазақстан Жастар Одағының лауреаты, «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері танымал театр және кино әртісі Майра Омар сомдады.

«Даланың күйші Динасы» қойылымы өскелең ұрпақ санасына өткен ата-баба салған сара жолды жалғастыруға, оны тереңірек ұғыныға жол береді. Ұлы күйшінің өнегелі өмірін суреттейтін қойылымның басты мақсаты - қалың көпшілікті ұлттық мәдениетіміздің мәйегіне айналған тұлға шығармашылығымен жақынырақ таныстыру.






Комментариев нет:

Отправить комментарий