среда, 30 октября 2013 г.

Жастар жырлайды

 Ақтөбе   жастары Фариза апаға ақтілекпен жыр жолдайды


Фариза апаға
Өлеңмен айта білген сөз асылын

Қолыңда ауыздағы талай шыңның

Қазақтың маңдайына дара біткен

Фариза – ақын қызы алашымның!


Жүзің жарқын,
Жүрекке жырың жақын
Қазақтың мәшһүр қылған жаһанға атын
Қырандай қалықтай бер қия-көкте
Жасай бер, мәңгі жаса Фариза ақын!

Сөзіңмен, өміріңмен табамын мән
Тұрғандай сыр сығалап қабағыңнан
Жылу боп жүректерге  жетелерсің
Төгілген  жауһар жырлар қаламыңнан.

Сөзіңе жақұт,  жауһар тең көргенім
Жыр-жинағың мойныма өңгергенім
Жайықтың толқынымен ойнап өскен,
Тілекші жерлесіңмін мен де сенің.

                                                                                                            29.10.2013 ж.


     Айтбаева Гүлнұр

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті

филология факультетінің 2-курс студенті.



 
Қазағымның  ақын қызы
Фариза апа қазағымның ақын қызы

Арналған қазағыма жалын жыры.

Өлеңіңе сүйсініп жүретұғын,

Мен едім бас иетін жанның бірі.



Фаризадай ақыным дара туған.
Өлеңнен өнерінен жаратылған.
Ақынын Мұқағали жырлап өткен,
Мен өмірде пір етіп, үлгі алам.




                                                           29.10.2013 ж.
  Құдайбергенова Таңшолпан
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті
филология факультетінің 2-курс студенті.


Қыз ғұмыр
Қыз ғұмыры белгісіз сұрақтардан
Фариза апа бүгін мен сыр ақтарам
Мен сізді көремін таулы қырат
Сарқырайтын мөп-мөлдір бұлақтардан.

Жыр жазйын сізге арнап жүрекпенен
Керемет қой төгілсе өлең жүректерден.
Кейде сізді көремін қап-қараңғы
Белгісіздеу біздерге түнектерден.

Сізге қарап жаңаша ғасыр көрем
Сізге қарай жалындап ақты өлең.
Кейде сізге  қарасам нұр шашатын,
Ыстық әркез адамға күнді көрем.
Сыйламайын мен сізге ай мен күнді,
Жалынды жүректен шыққан жырды берем.
                                                                   29.10.2013 ж.
Байшағанов Райымбек.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті
 филология факультетінің 2-курс студенті.



Фаризаға мың мәрте сиыныңдар!
Фариза, Фариза ақын, Фариза апа,

Поэзия шамын жақтың әр үйге апа.

Ақындарда пендеден дос болмайды,

Жыр тағдыр жалқы жүрер фәниде апа.

Қырық құрау көңілім қырқылады,

Суық сең қабырғамды қариды апа.



Мен сіңілің әлемі бір, әні бір-ау,

Шабыттанып сыймаған қалыбына-ау.

Тентегіңді тербеп жүр, тебірентіп,

Өзің жүрген өңірдің маңы мынау.

Өр Маңғыстау өрені өркендемек,

Жарқ етіп жай отындай жаны құрау.



Жырыңнан жүрек жылып, жүз жанады,

Теңіз түлек толқиды, тұзданады.

Қарға халық қаңқу сап, қымсынбастан,

Қыраннан көкжиегін қызғанады.

Қара өлеңнің қоймасы сіз болсаңыз,

Мен болашақ байқаудың мұзбалағы.



Азат елдің азабы тұншықтырып,

Қасқа шабыт қоймайды қырсықтырып.

Өнерменен өмірім  өрілсе деп,

Жүрем ылғи көңілімде бір шық тұнып.

Өлеңіңнен өмірге азық алып келем,

Мөлдір тамшы – қиялдан кірпік тұнып.



Асыл сөздің айғағы – ақын апа,

Адамшылық айнасы – асыл апа.

Ұлтжанды ұрпақтарға ұлағаттың,

Дәнін сеп, шуақты ой шашырата.

«Жырыңмен сапар шегіп дос жеріне»

Сіңіліңді  ілестірші қасыңа апа.



Адалдық пен ақиқат, хақты ойладың,

Жарты жолда жабырқап қап қоймадың.

Өн бойыңда әр әуен, жалын жырмен,

Бәйгесіне өлеңнің ат байладың.

Арлы шың, аруанасы ақындықтың,

Сізден сарқыт сұрайды ақ тайлағың.



«Қыз - тағдыр», жанарыңнан жалт ойнасын,

Бойға алып балалықтың бал қоймасын.

Мені «құштар әлемің» әлдилейді,

Шыңға шыққан шабытың шалқаймасын.

Уақыт – жүйрік, көзіңнен әр тайса да,

Қаламыңның қанаты қартаймасын!



Жауқазын жыр жалы боп жаратылдың,

Ай жүзің арайланып дара тудың.

«Қасіреттен тұратын бақытыңды»

Татуменен тағатсыз таң атырдым.

«Өлең жазып, өзіңше данышпансып»

Арманына айналдың бар ақынның.



Серік болып сертіме ұстамдылық,

Қара қыз бір  өзіңе құштар қылық.

Ұлысқа ұран болған ұлығыма,

Ұқсағым кеп, ұнатып, ұшқам қуып.

Нәзік жырдың наубайы нәрін септі,

Таң қалмаңыз, талантпен шықсам биік.



Бұрқырай бер бой бермей басуларға,

Фариза ақын алмаған асу бар ма?

Тілім қышып, тілеуім кетпек емес,

Өршіл өлең, өзіңнен қасу барда.

Ғибрат ғұмыр, ғажайып тұлғасыз ғой,

Ғайыптан тайып туар ғасырларда.



«Шашы ағарған қыз» жыры аспанымда,

«Ақын», «Ұстаз», «Нарын» - бұл асқақ жырлар.

«Әуелден өлең-жырға құштар жаным»

«Басымды айналдырды-ау» қас-қағымда.

«Жердегі жарық жұлдыздар» жолын жалғап,

«Қасірет пен ерлік жырын» бастадым да.



Сезім сыры селк етіп, сілкінерсің,

Алашқа атың аян, дүркірерсің.

«Төгіп-төгіп жазбай ма», «тебірентіп»

«Жастық шақ жырларымен бір күлерсің»

«Бұйырмаса да даналық» дарыныңмен,

Тереңіне тұңғиық түн түнерсің.



Өлеңіңнің кереге, уықтарын,

Шебер бүркепи, түндікпен тұйықтадың.

Толғап «өлең туралы ойларыңды»

Бір арнаға сыйғыздың жиып бәрін.

«Ақ еркесі Ақкөлдің» алаңдайды,

Ибалықпен итеріп иықтарын.



Даңқы өшпес дәм бұйырған данасының,

Санамда сығалайды дара сының.

«Кешегі балапандар» қанат қағып,

Қамқорына айналған қарасының.

Жайықтың жанартауын жырға қосқан,

Шежіре шалдарымның шамасымын.



Батыл қызға байыппен, батырлықпен,

Жас дәурен жыр арнаймын жақын ғып мен.

Мұқағали, Фариза бір кездері,

Архивтерден табылар ақын біткен.

Апама ағыл-тегіл, ақ жарылып,

Жандаймын аламаннан атын күткен.



Сенің жырың сүйерім, сенерім де,

Өткелі мол өмірн бар өлеңіңде.

«Аралап жүр көктемің» көктемені,

«Мен жалындап өтемін» дегенің бе.

Мен түгілі, Ақұштап, Айсырғалар,

Ізгі ойлар іздейді өлеңіңнен.



Қашаннан сізге серік жүректілік,

Маңғыстауды мақтадың білек түріп.

«Жамандықтың барлығын» жөнге салып,

Тікесінен тік тұрды тілекті үміт.

Адайдың ақын таныр арлы қызы,

Ер мінезім көрсетер бір ептілік.



Мерейі үстем ақынсыз мақтан бүгін,

Әр қазақтың төрінде жатқан жырың.

Атақ-даңқ пен асқақтап ар-иманың,

Абыройын сыйласын атқан күнің.

«Мәңгі жас боп қаларсың жырларыңмен»

Берекемен беттесін батқан күнің.



Алатаудай ауыр жүк иығыңда,

Аттың басын бұрғайсыз жиі мұнда.

Ақындардың арманы болған ару,

Қалдың-ау талайдың көз қиығында.

Қазақтың қайсар қызын қиялдасаң,

Фаризаға мың мәрте сиыныңдар!



Өнеріңіз өрге қарай самғасын,

Қанатыңыз қайрылмасын, талмасын.

Мен секілді әрбір қазақ баласы,

Ақ таңдарын жырларыңмен жалғасын!

                                                           30.10.2013 ж.
Жаннат Жауынбаева
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік
университеті филология факультетінің 3- курс студенті

Комментариев нет:

Отправить комментарий